СИМПОЗИУМ ТУРАЛЫ
«ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒЫЛЫМ ТІЛІ: ДӘСТҮР ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯ» СИМПОЗИУМЫ
01-02 наурыз 2024 ж., Түркістан
Ұлытауда өткен I Ұлттық Құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздігіміздің символы!» деген іргелі тұғырнамалық саяси мәлімдеме жасады. Президент жанындағы Ғылым мен технологияларды дамыту жөніндегі Ұлттық кеңесте еліміздің ғылыми, ғылыми-технологиялық тәуелсіздігі туралы ой қозғалып, «ҚАЗАҚ ТІЛІ – ғылым тілі болуы керек» – деген саяси міндет қойылды.
«ҚАЗАҚ ТІЛІ – ғылым тілі» деп жарияланған ұстаным, инновациялық идеялар арқылы ғылым мен технология дамыған қазіргі заманда Қазақстан қоғамында жаңа ғылыми ойларға, ұмтылыстарға серпін берді. Біз көптеген мәселелерге қайтадан, басқаша көзқараспен қарай бастадық. Нәтижесінде ғылым тәуелсіздігінің өзегі, алтын қазығы ҚАЗАҚ ТІЛІ деген идея елімізде, қоғамымызда қолдауға ие болып, кең тарап жатыр. Осыдан туындайтын қорытынды біреу ғана: Ғылым – еліміздің тәуелсіздігінің тірегі. Өз кезегінде, Қазақстан ғылымының ұлттық маңызын дамыту мен нығайту, оның саяси және құқықтық алғы шарттарын бекіту қоғамның алдындағы басты стратегиялық бағыт және еліміздің ғылыми тәуелсіздігін қамтамасыз ететін жалғыз жол. Бұл ұстаным Қазақстан Республикасы Конституциясы 7 бап 1 тармағының және 93 бап талаптарын толық орындаудың және отарсызданудың ғылыми-саяси тұғырнамасы екені сөзсіз.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың І Ұлттық Құрылтайдағы саяси мәлімдемесі, ҚР Президент жанындағы Ғылым мен технологияларды дамыту жөніндегі Ұлттық кеңестегі ғылыми, ғылыми-технологиялық тәуелсіздік туралы айтылған ойлар Қазақстан ғалымдарына ауқымды және терең саяси, концептуалдық міндет қойып отыр. Ол міндеттердің бастысы – ҚАЗАҚ тілінің мемлекеттік мәртебесін толық қамтамасыз ету тетіктері мен жүйелі механизмін жасаудың ғылыми негізін әзірлеу. Қазақ тілінің ғылыми және теориялық негізі – қазақ лингвистикасы. Лингвистика – бұл адамның табиғи тілі туралы ғылым. Біздің мемлекетімізде бұл – ҚАЗАҚ тілі.
Осы айтылғандардың негізінде мынадай жалпы қорытындыға келуге болатындай: Ғылымдағы Ұлттық мазмұнның тұғыры ҚАЗАҚ тілі дамуының ғылыми негізін дайындап, қолданысқа енгізудің жүйелі механизмін жасау қажет. Бұл мәселенің саяси-әлеуметтік, ғылыми-практикалық, ар-ождандық-психологиялық, экономикалық және материалдық қырлары мен аспектілері толық зерделеніп, сарапталып, ҚАЗАҚ тілінің дамуына бөгет болып тұрған және болатын кедергілерді жою жолдары ұсынылуы қажет. Бұл бүгінгі күні ғылымның ұлттық мазмұнын дамытуда ештеңе істеліп жатқан жоқ деген сөз емес. Орасан зор еңбектердің жасалып жатқаны, ғылымды қазақ тілінде сөйлеткен маңызды дәстүрдің бар екені анық және олардың ауқымын дәл бағалау өте маңызды.
Сондықтан симпозиумның басты мақсаты:
- Ғылым салаларындағы ұлттық мазмұнның сапасы мен деңгейін бағалау;
- Келешекте даму жолдары туралы ұсыныстар тұжырымдау;
- Ғылымның саяси-құқықтық мәселелерін, ұлттық мазмұнын нығайту тұрғысында қарастыру;
- Ғалымдар, ғылыми кадрлар дайындаудағы ғылым мен білім беру аралығындағы арақатынас проблемаларын талқылап, ұсыныстар енгізу;
- Ғылыми тәуелсіздік, ғылым және ҚАЗАҚ тілі мәселелерін жан-жақты талқылау.
Симпозиумның нәтижелері ұлттың жаңа сапасын қамтамасыз ететін жолдарды айқындайды деген ойдамыз. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы атап өткендей – «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылық бәрінен жоғары тұруға тиіс» – деген қағидаға сәйкес халқымызды біріктіретін идея болады деген үміттеміз.